Функционалдық анализ және нақты айнымалы функциялар теориясы пәндері бойынша педагогикалық институттар мен университеттерде оқытылатын теориялық материалдарды игеруде есептер мен жаттығулар жинағының орны ерекше екені белгілі. Орыс тілінде бұл бағытта әртүрлі деңгейде жазылған есептер жинақтары жеткілікті. Олардың негізгілерінің қатарында Ю.С. Очан, А.А. Кирилов пен А.Д. Гвишиани, С.А. Теляковский, П.Л. Ульянов, А.Н. Бахвалов, М.И. Дьяченко, К.С. Казарян, П. Сифуэнтес, В.А. Петров, Н.Я. Виленкин, М.И. Граев еңбектерін атауға болады. Аталған есептер жинақтарында негізінен жиындар және өлшемдер теориясына көп көңіл бөлініп, көптеген есептердің шығару жолдары көрсетілген. Ал интегралдар теориясы, операторлар теориясы, сепарабельділік, кеңістіктердің толықтығы, компактілік және олардың есеп шығаруға қолданылуы жеткілікті деңгейде қамтылмаған. Қазақ тілінде университеттердің оқу бағдарламасына сай аталған пәндер бойынша жазылған есептер жинағы жоқтың қасы. Бірлі-жарым жарық көрген кітаптардың ішінде функционалдық анализ бойынша Ғ. Ақышевтің еңбегін атап өтуге болады. Бұл еңбекте функционалдық анализдің бірнеше тарауы қамтылып, есептердің шығару жолдары көрсетілген, алайда тиражы өте аз. Зерттеудің мақсаты — функционалдық талдаудың негізгі бағыттарындағы есептерді шешудің әдіснамалық аспектілерін анықтау және жүйелеу, сондай-ақ университеттік оқу курсының мазмұнын ескере отырып, оларды қазақ тілінде баяндау тәсілдерін әзірлеу. Бұл пән математиканың іргелі салаларының бірі болғандықтан, болашақ ғалым-зерттеушілердің (магистранттар, PhD докторанттар) оны терең меңгермей ғылыммен айналысуы мүмкін емес. Функционалдық анализ нақты анализдің жалғасы ретінде қарастырылып, оның есептері өзара байланыста зерттеледі. Осы тұрғыда көптеген есептер әдістемелік жағынан талданып, олардың шығару жолдары көрсетілді. Зерттеу жұмысында жиындар теориясы, өлшем теориясы, Лебег интегралы және функционалдық талдау саласындағы негізгі есептер түрлері жүйеленеді, оларды шешудің әдіснамалық тәсілдері айқындалады және әртүрлі күрделілік деңгейіндегі жаттығулар жүйесі әзірленеді. Алынған нәтижелерді функционалдық талдау пәнін қазақ тілінде оқытуда, сондай-ақ оқу-әдістемелік материалдарды әзірлеуде пайдалануға болады.
Тіл
Қазақ
Як цитувати
[1]
Кыдыракын M. і Биргебаев, А. 2026. ФУНКЦИОНАЛДЫҚ АНАЛИЗДЕН ЕСЕПТЕР ШЫҒАРУДЫҢ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ. Абай атындағы ҚазҰПУ Хабаршысы. Физика-математика ғылымдары сериясы. 95, 3 (Вер 2026), 117–127. DOI:https://doi.org/10.51889/2959-5894.2026.95.3.010.