Соңғы жылдары ғылыми-педагогикалық зерттеу жұмыстарына міндетті түрде эксперименттік-тәжірибелік жұмыстар жүргізу, олардың нәтижелеріне статистикалық-математикалық әдістерді пайдаланып, өңдеулер жасау және осының негізінде ғана зерттеу проблемасына қатысты нақты ғылыми нәтижеге қол жеткізу керек деген мағынадағы талаптар күшейе түсуде. Бұл шын мәнінде құптарлық және жедел түрде қолға алу мен шешуді қажет ететін өзекті мәселе болып табылады.
Жалпы алғанда, теориялық зерттеулер барысында зерттеуші тарапынан бұрыннан белгілі ғылыми фактілерді түсіндіруге мүмкіндік беретіндей кейбір заңдылықтар туралы гипотеза жасалуы және осының негізінде қандай да бір өзіндік ғылыми пікір қалыптасуы мүмкін. Алайда, теориялық зерттеу барысында қалыптасқан осы ғылыми пікір оны міндетті түрде тәжірибе жүзінде тексеруді, оның ақиқаттығын нақты тәжірибелік жағдайларда дәлелдеуді және негіздеуді қажет етеді. Осы мақсатпен эксперименттік жұмыс жүргізіледі. Эксперименттік жұмыстың нәтижелі болуы ең алдымен, тиімді статистикалық критерийді таңдап ала білумен және соған сәйкес статистикалық-математикалық есептеулерді дұрыс, әрі сауатты жүргізе алумен тікелей байланысты. Алайда, көпшілік зерттеушілер статистикалық-математикалық білімдерінің төмен болуына байланысты зерттеу жұмыстарында сәйкес критерийді таңдап алу мен оны қолдануға байланысты өрескел қателіктер жіберетіні байқалады. Қазіргі күні педагогикалық бағытта білім алатын магистранттар мен докторанттар тарапынан диссертациялық жұмысты орындау барысында аса жиі қолданыла бермейтін немесе егер де қолданылса, өрескел қателіктер жіберілетін статистикалық критерийлердің бірі - Макнемар критерийі. Сондықтан мақалада педагогикалық құбылыстарды зерттеуде осы критерийді қолдану алгоритмі көрсетіліп, ол нақты мысалдар арқылы түсіндірілді. Мақаладан педагогикалық бағытта білім алатын магистранттар мен докторанттар, сондай-ақ педагогика мен әдістемелік ғылым салалары бойынша жұмыс істейтін барлық ізденушілер ғылыми-зерттеу жұмысын орындау барысында пайдалана аларлықтай құнды мәліметтер таба алады.