Жаһандану заманында түрлі салаларда карталар пайдалану мен оған тәуелділік үдерісі еселеп артуда. Географиялық ақпараттық жүйе (ГАЖ) тек туристерге, кәсіби мамандарға ғана емес, кез-келген пайдаланушыларға да қол жетімді болу керек. Карта құруға арналған әр түрлі бағдарламалық жасақтамалар бар, алайда карта құруда және оны оқу процесінде қолдануға тиімді болатын бағдарламалық жасақтаманы анықтау қажеттілігі бар. Осыған орай жоғары оқу орындарының оқу процесінде ArcGis жүйесінде картамен жұмыс жасауда Python тілін қолданудың ерекшеліктерін қарастыру мақсаты қойылған. Бұл мақсатқа жету үшін ArcGis-те Python тілінде геоақпараттық жүйе құру ерекшеліктерін анықтау мен оқу процесінде «Цифрлық технологияларды салалары бойынша қолдану» пәні мазмұнына ArcGis-те Python тілін қолдануға арналған тақырыптар енгізу міндеттерін шешуге негізделген. ArcGis карта жасауға тиімді әрі қолжетімді бағдарламалық жасақтамалардың бірі болып табылады. ArcGis-те карта құру барысында арнайы жобаның кестесімен жұмыс жасауға, автоматтандырылған түрін, түсін және елді мекендердің атын өзгертуді немесе қосуды Python бағдарламалау тілін қолдану арқылы жүзеге асыруға болады.
Зерттеуде Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «Цифрлық технологияларды салалары бойынша қолдану» пәнін оқытуда қолданылған мақала авторларының «ArcGis жүйесінде карта құруда Python бағдарламалау тілін қолдану» атты оқу-әдістемелік құралының аппробациядан өтуі туралы баяндалған. Оқу-әдістемелік құралда Python көмегімен карталармен және геокеңістіктік деректермен жұмыс істеу үшін ArcGIS орнату және қолдануға арналған жолдары жазылған практикалық жұмыстары қарастырылған.