Робототехниканы оқытуда зертханалық жұмыстарды орындауда көптеген құралдар пайдаланылады, бірақ оларды толық құрамда қамтамасыз ету құнының жоғары болуына байланысты қиындық тудырады. Роботтарды құрастыру білім алушылардан көп уақыт бөлуді, тиянақтылық пен жауапкершілікті талап етеді. Виртуалды зертхана осы мәселелерді шешеді, білім алушыларды шабыттандырады және сабаққа деген ынтасын, қызығушылықтарын оятады, Tinker Cad және кейбір платформалардың жалпыға қолжетімді, қолдануға жеңіл тегін болуына байланысты зертханалық жұмысты толыққанды жүргізуге мүмкіндік береді. Сол себепті, робототехниканы оқытуда виртуалды зертхананы қолданудың мүмкіндіктерін айқындау өзекті мәселе болып табылады.
Зерттеуіміздің мақсаты - робототехниканы оқытуда виртуалды зертханаларды қолданудың мүмкіндіктерін, қажеттіліктерін айқындау. Зерттеудің міндеттері виртуалды зертханалардың әр түрлі онлайн платформалары арасынан оқытуға тиімділерін талдау, робот құрастыруды моделдеуде қолдану жолдарын көрсету және ЖОО оқытушылары арасында робототехниканы оқытуда қолданудың қажеттілігін анықтау болып табылады.
Мақалада робот құрастырудағы виртуалды зертханалар зерттелді, онлайн платформалардың арасынан робототехниканы оқытуға тиімдісін талдау бойынша Tinker Cad виртуалды зертханасының тиімділігі анықталды. Tinker Cad виртуалды зертханасын робот құрастыруды моделдеуде қолдану мысалы түсіндірілген. Бұл мысал есепте Tincer Cad виртуалды зертхана ортасында Arduino-ны қолдана отырып, бағдаршамның жарық диодтарын жағу тапсырмасы қарастырылған. Сонымен қатар, оқытушылар арасында робототехниканы оқытуда виртуалды зертханаларды қолданудың қажеттілігін, мүмкіндігін анықтау үшін жүргізілген сауалнаманың нәтижесі ұсынылған. Нәтижеге сәйкес Tincer Cad виртуалды зертханасында орындалатын жұмыстардың тиімділігі мысал арқылы көрсетіліп, виртуалды зертханалардың динамикалық және интерактивті сипаты оқушылардың шығармашылық қабілеттері мен тапсырмаларды шешу дағдыларын дамытуға ықпал ететіндігі сауалнама нәтижесі арқылы дәлелденді.
Зерттеу барысында сауалнама жүргізу, анализ, синтез, мәліметтерді интерпретациялау сияқты зерттеудің жалпыға ортақ әдістері қолданылды.