Бұл мақалада іс-әрекеттегі зерттеуді жүргізу барысында проблемалық оқыту және алгоритм құру әдістерін өзара кіріктіру қалай жүргізілгені, әрі бұл кіріктірудің оқушылардың рефлексиялау дағдыларын қалыптастыруда қаншалықты тиімді болғаны жазылады. Проблемалық оқыту, алгоритм құру әдістеріне және рефлексиялау дағдыларына қатысты әдебиеттер зерделеніп, талданды. Сабақтарды бақылау барысында тапсырмалардың шығарылу жолдарын ашып жазу бойынша қиындықтар туындағаны анықталды. Зерттеудің мақсаты тапсырмаларды орындауда алгоритмдер құру арқылы проблемалық ситуацияны шешуде оқушылардың рефлексия жасау дағдыларына ықпал ету болды. Зерттеудің міндеттері: зерттеу сұрағын нақтылау; стратегиялық жоспарды қалыптастыру; мәліметтерді жинақтау; рефлексия; игерілген зерттеу бойынша жаңа қадамдарды анықтау.
Зерттеу келесі кезеңдерді қамтиды: он бірінші сыныптың оқу бағдарламасына сәйкес күнтізбелік-тақырыптық жоспардағы тақырыптар мен оқу мақсаттарын зерделеу, талдау, іріктеу; құрылымдалған тапсырмаларды әзірлеу; шешу қадамдарын айқындау; дайын алгоритмдер мен балл қою кестелерін ұсыну және салыстыру; бірлесе шешімін анықтау; рефлексия жасап, бағалау. Кәсіби тұрғыдағы динамиканың айқындалуында алдыңғы зерттеу нәтижелеріміз осы зерттеуге өзара ұштастырылды. Зерттеу барысында оныншы сыныптан кейінгі сыртқы жиынтық бағалау нәтижелері және оқушылардың физиологиялық, жалпы және жеке қабілеттері, практикалық іске қабілеттіліктері ескерілді. Зерттеу үдерісі проблемалық оқыту және алгоритмдерді құру әдістерін кіріктіре отырып негізгі төрт циклді қамтыды. Зерттеудің әрбір циклінен кейін оқушылардан алынған жазбаша рефлексиялардың талдануының нәтижесінде келесі қадамды анықтауға септігін тигізді. Жалпы, зерттеу нәтижесі бойынша оқушылардың рефлексиялау дағдыларының қалыптасуына, әрі жобалық-зерттеу дағдыларының дамуына ықпал ете алдық.